Ұлттар бірлігі
ДОСТЫҒЫМЫЗ ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ
Қазақстан көпұлтты Республика екені бұрыннан белгілі. Кеңестік дәуірде ҚСРО-дағы жалғыз интернационалды ел аталғанымыз тегін емес. Ежелден бауырмал, қайырымды қазақ халқы тағдыр-тәлкегіне ұшырап, әлемнің әр тарапынан келген ұлттарды жатсынбай, оларды туған-туыстарындай жақсы көрді. Міне, сондықтан, қазір Қазақстан көпұлтты мемлекет атанып отыр. Дәл Қазақстан сияқты ұлттар достығы өнеге, халықтар достығы үлгі – дүниежүзінде ел жоқ. Біздегі халықтың ынтымақ, бірлігіне, жарастығына тәнті болған шетелдік саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «Қазақстаннан үйрену керек» дегенді жиі айтады. Барлық ұлттардың терезесі тең, мүдде-мақсаты бір және олардың еркін еңбек етуіне, кәсіппен шұғылдануына, саясатпен айналысуына барлық жағдай жасалған ғой. Ең ерекшелік сол – кейбір ұлт өкілдерінің балалары мектепте өз ана тілінде оқиды. Мысалы, Ресейде мұндай үрдіс жоқ.
Қазір адал еңбектерінің арқасында кәсіппен шұғылданып, байып жатқан отбасылар көбейіп, қауымға айнала бастаған ұлт диаспоралары бар. Ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, өз діндерін ұстанып, бір шаңырақ аясында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халық тек Қазақстанда жасап жатыр. Бұған әрине, қуанасың және мақтанышпен айтасың. Осындай ел бірлігі мен тұтастығы жолында өз бағдарламасы мен мақсаты бар Қазақстан Халық Ассамблеясының жұмысына дүниежүзі риза десек артық айтпаймыз. Әрине, оның басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғаны айтпаса да түсінікті.
БАҚ-ДӘУЛЕТ – БІРЛІКТЕ
Қазақстандағы ұлттар достығын көзбен көріп, жүрекпен сезіп жүргендердің бірі менмін. Көңілі даладай дарқан қазақ халқы қазір барлық ұлт өкілдерін өзінің туған-туыстарындай көреді. Диаспоралар қазақтың бөлінбейтін қауым-тайпасына ежелден айналып кеткендей. Жер шарындағы негрден басқа барлық ұлт Қазақстанда жасап, өмір сүріп жатыр. Бір елде жүзден аса ұлт өкілдерінің тату-тәтті болып дауласпай, жауласпай өмір сүріп жатқаны бұрын-соңды тарихта болмаған жағдай. Өйткені, халықтар достығы біздің саясаттың басты ұстанымы. Көрші мемлекеттердегі ұлтаралық дау-жанжалды және Ресей мен Украина арасындағы қантөгісті ақпарат құралдарынан естіп, көргенде мамыражай бейне тыныштықтағы Қазақстан жұмақты елестетеді. Ұлтаралық, дінаралық қақтығыс, соғыстан кейбір мемлекеттердің жойылып кеткенін тарих дәлелдеді. Сондықтан, біз ұлттардың достығы мен бірлігіне қуанамыз.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары кейбір мысықтілеу саясаткерлер «Қазақстан көпұлттылығынан түбінде күйрейтін ел» деген сыңайлы пікірлер айтып, үрейлендірген болатын. Ал, керісінше Қазақстанда ұлтаралық достық пен келісім орнап ең бейбіт ел деген атаққа ие болды. Кеңестік дәуірден басталған, интернационалдық тәрбие мен идея қазір жаңаша жаңғырып, «Қазақстан ұлттар лабораториясы» бұл күнде, тіпті, өзгеше бір ұлттар достығының «брендіне» айналды десем қателеспеймін. Мен өзім тәрбие мекемесінде еңбек еткендіктен ұлттар достығы тәрбиесіне қатты көңіл бөлемін. Басшылық жасайтын колледжімде біраз ұлт өкілдері қызмет етеді. Диаспоралардың да балалары бар.